Ақмола облысы
Жарқайың ауданы
Кен негізгі мектебінің
9 «А» сынып оқушысы
Болатов Темірлан
«Менің туған өлкем» эссе
«Өз елін сүймеген адам еш нәрсені де сүйе алмайды» — деген Байронның сөздерімен бастағым келіп отыр. Әркімге туған жері, елі қымбат. Менің ойымша, адам баласы үшін туған өлкесінен артық еш нәрсе жоқ. Себебі, бұл мен түгілі аялаған анамыз, қолпаштаған әкеміз, туған-туыс, жора-жолдастың кіндігінен қан тамған туып өскен жеріміз. Қасиетті осы жерде білім нәрін сусындаған мектебім, балалық шағым өтіп жатқан ауылым бар.«Әркімнің туған жері – Мысыр шаһары» демекші, менің кіндік қаным тамған жер – Жарқайың ауданы Гастелло ауылы. Туған жерімді қатты жақсы көремін. Осындай өлкеде туғаныма мақтан етемін. Туған жерім күннен күнге көркейіп келеді. Бау-бақшасы, таза ауасы, егінді даласы, малға толы өрісі - біздің мақтанышымыз. «Туған елдей ел болмас, туған жердей жер болмас»- деп, ата-бабаларымыз бекер айтпаған екен ғой! Елімнің кең даласындай байтақ дала еш жерде жоқ шығар. Егер менен сен не үшін туған өлкеңді сүйесің деп сұраса, мен мүдірместен Мұқағали атамыз айтқандай күн мен түнін, қыбырлаған жәндігіне дейін сүйемін дер едім.
Сондықтан мен үнемі туған елім, жерім, ауылым туралы жырлауға еш ерінбеймін. Сіздерді де осыған шақырамын. Өскенде туған еліме, оның көркеюіне өз үлесімді қосамын. Өз үлесімізді қосқанымыз Отан алдындағы борышымызды атқарғанымыз. Елбасымыз Н. Ә. Назарбаев:- «Еліңнің ұлы болсаң, еліңе жаның ашыса, азаматтық намысың болса, қазақтың ұлттық жалғыз мемлекетінің нығайып көркеюіне жан теріңді сығып еңбек ет. Жердің де, елдің де иесі өзің екеніңді ұмытпа!» - демекші, туған жеріміздің көркеюіне ат салысайық. Біз еркін және өркендеген елде өмір сүріп келеміз. Тәуелсіздіктің арқасында біз бақытты ұландармыз. Халқымыз басынан қандай қиын-қыстау күндерді өткізген кезде ата-бабаларымыз ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен жерімізді сыртқы жаулардан қорғап қалды. Өз елі үшін жанын да, барын да аямаған. Ерліктері ешкімнің есінен кетпейді. Осындай еңбекпен жеткен жерімізді сақтап аялау, кейінгі ұрпаққа аманат етіп жеткізу бәрімізге үлкен міндет. Әр күнімізді бағалай отырып, еліміздің гүлденуіне, өсіп-өркендеуіне барымызды салайық!
Туған өлкем байлығы мол қазынам,
Сол байлықтың шуағында шомылам.
Бәрінен де артық көрем мен сені,
Бар қаладан қымбатсың ғой сен маған.
Су мен тасын, өзен-көлін сүйемін,
Аң мен құсын арыстандай көремін.
Туған өлкем ол менің жер жәннатым,
Осындай елде туғаныма мақтанамын – деп ақындар жырлағандай, осындай байтақ даламызды аялайық та, сүйе білейік.