Сыныптан тыс іс-шара.
Тақырыбы : «Мейірімділік әлемі саяхат»
Мақсаты
Қайырымдылық, қамқорлық, жақсылық құндылықтары туралы түсініктерін кеңейту, жақсылық жасаудың адами қарым-қатынастағы мәнділігін түсіндіру, жақсы істер жасай білуге үйрету, әдептілікке тәрбиелеу.
Оқытудың нәтижесі
Балалар өз ойларын анық айта біледі
Топта жұмыс істеп, бір біріне көмек көрсете алады
Өз пікірлерін дәлелдей алады
Негізгі идеялар, маңызды сөздер
Өзінің сезімдері мен талпыныстарын көрсете алады, жағымсыз эмоциялары мен әрекеттерін тежей алады, өз ойы мен алған әсерлерін шығармашылық әрекеттер арқылы жеткізе алады.
Ссылка, пайдалынған әдебиет
Кітап, дәптер, плакаттар ( ресурстар, жетондар).
Кезеңдері
Қатысушыларға арналған іс-әрекеттер мен тапсырмалар түрлері
Бағалау жүйесі
1. Ұйымдастыру
1. Психологиялық тренинг «Танысу»
Өз есімінің бас әрпінен басталатын сын есім айту арқылы өзін таныстыру. Мысалы: Мен Әдемі -Әсем
2. Кіріспе
«Өзіңді – өзің тану – рухани өркендеудің түп тамыры және адамгершілік құндылықтардың негізі» деген Сара Алпысқызы – болашақ ұрпақты ізгілік бесігіне бөлейтін, ешкімге еліктемей өзіндік тұлғасын қалыптастырып, өз мүмкіндіктерін ашатын, дарындылығын дамытатын, қоршаған ортамен жарасымды өмір сүруге бейімделген тұлға. Ал, қоршаған әлемге махаббат және қуаныш сыйлап, сезімталдық, мейірімділік, рақымдылық көрсетіп, мейірімді болуға үйрету, өмірдің бар жақсылығының негізі махаббат, сүйіспеншілік екендігін түсіндіру бүгінгі шарамыздың мақсаты болмақ. Адам дүниеге ештене қалап келмейді. Жақсы мен жаманды өскен соң өзің қалап аласың. Жақсылық пен жамандық адамның іс-әрекеті арқылы өлшенеді. Халқымыз «жақсылық» деген ұғымды адамгершілікке балаған. Адамгершілігі мол адамды «жақсы адам» деген.
Пішіндер арқылы топқа бөлу
5 – топқа бөлінеді
1 топ – Сүйіспеншілік
2 топ – Ақиқат
3 топ – Ішкі тыныштық
4 топ – Дұрыс әрекет
5топ – Қиянат жасамау
Сабақтың дәйексөзі
3 кезен Осы дәйексөзді қалай түсінесіңдер?
«Біз ізгі ықыласпен және ақ жүрек қалауымен өмір сүруіміз керек»
І топ: «Сүйіспеншілік»
Адам бойындағы қандай қасиеттерді жоғары бағалайсың?
Постер құрастыру.
Басына іс түскен адамдарға жанашыр бола біл, қамқор бол, жанашарлықты сөзбен ғана емес, іспен де, мінез-құлықпен де таныту қажет – ең бастысы осы.
ІІ топ: «Ақиқат»
«Мейірімді жүрек» (Постер қорғайды)
ІІІ топ: «Ішкі тыныштық » (Жағдаят шешу)
Сұрақтарға жауап беріңдер. Математика мұғалімі көзге көрінетін нақты формулаларды тақтаға жазып жатып; «Арамызда көзге көрінбейтін дүниелерге сенетіндер де бар шығар?» – деді. Бір оқушы орнынан тұрып: – Әрине, – деп жауап қайтарады.– Маған қара, адам көзге көрінбейтін, қолмен ұсталмайтын заттардың болмысына сеніп, ол жайлы сөз етсе, ол ақылдылыққа жатпайды, – деді. – Апай, сіз балаңызды жақсы көрген кезде, мейіріміңіз қолға ұстала ма, ал біреуге риясыз көмектескенде оған деген жанашырлығыңызды шығарып, үстелге қоя алар ма едіңіз? – деді. Барлығы ойланып қалды... Сендер қалай түсіндірер едіңдер?Адамның ар-ұжданы да ылғи көзге көріне ме? Оның көріністері нелер деп ойлайсыңдар?
ІV топ: «Дұрыс әрекет » (коллаж жасайды)
«Мейірімділік әлемі» музыкасын қосу, суреттерді реттеп бұл топ коллаж жасайды, жақсылық көрсетілген суреттерді ватманға жапсыру.
V топ: «Қиянат жасамау»
Тапсырма:«Кім және не мейірімді?»
«Мейірімділікті анадан үйрен» деген халық даналығы. Ана — халық ұғымында жаратушы. Олай дейтініміз табиғаттың жаратқан иесі адамды дүниеге әкелуші — Ана. Ал барлық нәрсенің дүниеге келуі үлкен мейірім мен шапағаттан пайда болады. Табиғаттың барлық жанға бірдей мейірімді болуы сондықтан. Адамның да ананың кіршіксіз мейірінен берілген мейірімділігін сақтап қалуы өз қолымызда.
Тапсырма:«Кім және не мейірімді?» түсіп қалған сөздерді орнына қою керек. (баяу музыка ойнап тұрады)
Күлімдеген …. мейірімді. (күн)
Кіршіксіз ақ …. мейірімді! (қар)
Таза мөлдір…. мейірімді! (су)
Бәрімізді көтеріп түрған …. мейірімді! (жер)
Аяулы …. мейірімді! (анам)
Қадірлі …. мейірімді! (әкем)
Әлпештеген …. мейірімді! (әжем)
Еркелеткен …. мейірімді! (атам)
Жылы жүзді …. мейірімді! (ұстазым)
Тату-тәтті …. мейірімді! (достарым)
ІІ тур. 5 құндылыққа байланысты жағдаяттарды сахналау.
1 – топ. Сүйіспеншілік.
«Өмір сүрудің ең жақсы жолы»
(аңыз әңгіме)
Шағын ғана бір ауылда орта жастағы бір кісі дүкен ашып сауда жасамақ болады. Сөйтіп алға қойған жоспарын бастап та жібереді. Ол ақ көңіл, жайдарлы болғандықтан, ауылдың адамдарының бәрі оны жақсы көретін. Оның дүкеніне барып сауда жасайтын. Ауылдың тұрғындары тамыр-таныстарын да сол адамнан сауда жасауға кеңес беретін. Шаруасын кішігірім дүкеннен бастаған адам, бір жылдың ішінде Американың түкпір-түкпірінен сондай шағын дүкендер ашып тастайды.
Бір күні ауыр науқастанып, бұл дүниеден өтерін сезген адам, артында қалған үш ұлын қасына шақырып:
- Үшеуіңнің біреуі барлық дүкендерімнің иесі болады. Мирасымды соған қалдырамын. Менің артымдағы дүние-мүлкіме қайсысың лайықты екенін білу үшін үшеуіңе де бір-бір доллардан беремін. Осы долларға бір нәрселер алыңдар. Кешкісін келгенде алған нәрселерің менің осы бөлмемді толығымен толтыруы керек. Шартым осы.
Ұлдары үлкен компанияны басқару мүмкіндігінен айырылып қалмауды ойлап, не істерлерін білмей қатты абыржиды. Қалаға барып үшеуі де долларын жаратты. Кешкісін әкелерінің қасына келген кезде, үлкен баласы:
- Досымның шаруашылығына барып екі қап сабан сатып алдым – деді де, қаптарды ашып сабанды әр тарапқа шаша бастады. Алайда көп ұзамай сабандар еденге түсіп, бөлмені толтыра алмады.
Екінші баласы:
- Дүкенге барып екі жастық алдым – деді де, жастықтарды сөгіп, ішіндегі жүнін бөлменің ішіне шашып тастады. Бірақ жүн де көп ұзамай жерге түсіп, бөлмені толтыра алмады.
Үшінші ұлы:
- Долларды ұсақтап, 50 центін мешітке бердім, 20 центін қайырымдылық қорға бердім, 20 центін да садақа ретінде тараттым. Қалған 10 центке екі нәрсе алдым – деді де, қалтасынан сіріңке мен шырақты шығарды. Бөлменің жарығын сөндіріп, шырақты жақты. Сабан мен жүнге толмаған бөлме аз уақыттың ішінде шырақтың нұрына бөленді.
Әке баласына риза болып:
- Мирасымды саған қалдырамын. Өйткені өмір сүрудің ең жақсы жолы – айналаңа жарық тарату!
2-топ. Ақиқат.
Аңыз әңгіме: «Ана махаббаты»
Бір күні балалары бір келісімге келе алмай анасына келіп сұрақ қояды:
- Анашым, сіз біздердің қайсысымызды ерекше қатты жақсы көресіз?
Анасы үндеместен, шырақты жағып былай дейді:
- Мынау - шырақ, ол — мен!
Оның жалыны - менің сендерге деген сүйіспеншілігім. Осыдан кейін анасы тағы бір шырақты алып, өз шырағы арқылы жақты.
— Бұл менің - тұңғышым, оған мен өз жылуым мен сүйіспеншілігімді бердім. Қараңдаршы, екінші шырақты жағуыммен менің жылуым, сүйіспеншілігім азайды ма?
— Жоқ!
- Менің шырағымның жалыны бір қалыпты.
Сонымен анасы қанша баласы бар сонша шырақ жақты. Шырақтың жалыны көбейіп, одан сайын көп жылу берді…
Аналарың сендерді үнемі сүйіспеншілікке бөлейді, ал сендерде аналарыңды үнемі риясыз сүйіспеншілікке бөлеңдер!
3-топ. Ішкі тыныштық.
«Сүйіспеншілік пен Өмір»
Баяғы өткен заманда бір аралда түрлі сезімдер өмір сүріпті. Олар: Бақыт, Мұң және Сүйіспеншілік, Тәкәппар, Байлық, Уақыт екен. Бір күні аралды су басатын болып, олар кемеге отыруға әзірленіпті. Барлығы кемемен кетіп, аралда тек сүйіспеншілік қана қалыпты. Сүйіспеншілік мәңгі қалғысы келеді. Бірақ, аралды су түгел басқан шақта Сүйіспеншілік байлықты көмекке шақырады. Сүйіспеншілік одан кемесіне отырғызуын өтінді. Байлық әдемі кемемен келіп:
– Менің кемем де ақша мен алтындарым көп, саған орын жоқ, сені ала алмаймын,– деді.
Сүйіспеншілік енді тәкаппардан көмек сұрады. Тәкаппар әдемі кемесімен өтіп бара жатып:
– Сүйіспеншілік, мен саған көмектесе алмаймын. Сенің үстің малмандай су, кемемді бүлдіресің,– дейді.
Енді сүйіспеншілік мұңнан көмек сұрайды. Мұң айтады:
– Ooо...Сүйіспеншілік, менің мұңым жетерлік, жалғыздықты қалаймын,–дейді.
Сүйіспеншілік арал жанынан бақыттың өтіп бара жатқанын көрді. Бақыттың бақытты болғаны сонша, Сүйіспеншілікті естімеді. Бір кезде бір дауыс естілді: «Сүйіспеншілік, кел, мен сені бірге алып кетемін» – деді. Мұны айтқан қария еді. Сүйіспеншілік өзін қуанышты сезінгені сонша, қарияның атын сұрауға да ұмытып кетті. Олар жерге жеткен соң, қария кетіп қалды. Сүйіспеншілік Білімнен оған көмектескен адамның кім екенін сұрады. Сонда Білім: Ол «уақыт» – деді.
– Уақыт? – деді Сүйіспеншілік, - онда маған уақыт неге көмектесті?–деді. Білім күліп, ақылмен жауап берді: Тек «уақыт» қана Сүйіспеншіліктің өмірге аса қажет екенін біледі,– деді.
4-топ. Дұрыс әрекет.
Адал бағбан.
Ертеде бір қаланың пәк әрі әділ патшасы жалғыз қызын иманды, адал жігітке тұрмысқа бермек болады. Қызын талай ақылды,өнерлі байлар айттырады, бірақ олар патшаның көңілінен шыға қоймайды. Бір күні патша дем алу үшін бау-бақшасына барып жайғасады. Бақша күтушісіне жүзім әкелуін өтінеді. Ол бір шоқ жүзімді жуып, патшаға ұсынады.Патша жүзімді ауызына сала бере, артынан іле-шала жерге түкіріп тастайды да:
— Неге жүзімнің тәттісін алып келмегенсің? — деп сұрайды. Сонда бағбан:
— Қайсы жүзімді әкел десеңіз, соны әкелейін, ал олардың қайсысы тәтті екенін білмеймін.
Патша таңғалып:
— Екі жылдан бері жүзімдерді өсіріп, баптап келесің. Оның дәмін әлі күнге ажырата алмай жүрмісің?
— Сіз мені жұмысқа аларда жүзімдерді күтесің деген едіңіз. Ал дәмін татып тұр деп айтқан жоқсыз. Сондықтан осы уақытқа дейін бір жүзімді де ауызыма салып көрген емеспін, — депті
Таңғалған патша әйелімен ақылдасып:
— Біз іздеп жүрген күйебала алыста емес, дәл біздің шаңырағымыздың астында екен. Қызымызды осы адал, шыншыл жігітке берейік — деп, қыздарын адал бағбанға тұрмысқа береді.
Сұрақтар:
1.Бағбаның адалдығын қандай іс – әрекетінен көруге болады ?
2.Бағбаның қандай қасиеттерін бағалар едіңдер ?
3.Қандай да бір іс-әрекетеріңізге іштей мазаланған кездеріңіз болды ма?
4.Адам бойындағы қандай қасиеттер ақиқатқа жетелейді?
5-топ. Қиянат жасамау.
Алма толы шелек
Адам өзіне жеміс ағаштары бар зәулім үй сатып алды. Үйдің жанындағы ескі үйде қызғаншақ көршісі тұратын еді.
Ол үнемі жаңа көршісінің ауласына қоқыс төгіп, ренжітуге тырысты.
Бір күні адам көтеріңкі көңілмен сыртқа шықса, лас су толы шелек алдында тұр еді. Ол шелекті алды да, лас суды төгіп, шелектің ішін жарқыратып тазалап, ішін ең ірі, тәтті алмаға толтырып, көршісінің есігін қақты.
Есік қағылғанын естіген көршісі «Қолыма түстің бе, бәлем!» деп жанжалдасуға дайындалған нашар оймен есікті ашқанда, адам қолындағы шелек толы алманы ұсынып: - әркім өз байлығымен бөліседі! – деді.
- Көршісінің бойында қандай жағымсыз қасиет болды?
- Адам неліктен көршісіне алма толы шелекті ұсынды?
- Жамандыққа жақсылық дегенді қалай түсінесің?
ІІІ тур. Ойын
2. Берілген сөздермен жаңа сөздер құрастыру
жақсылық
мейірімділік
адагершілік
қайырымдылық
жанашырлық
Қорытынды: Сіздердің тату достықты қалаған жүректеріңдегі қуаныш, үміт шоғы өмір бойы сөнбесін, шырақтай сәуле шашып, жана берсін. Мейірімді жанарларыңнан тараған жылудай жер дүниені жылытсын деп, сыныптан тыс шарамызды аяқтаймыз. Қатысқан топтарға алғысымызды білдіремім.