Бұл өмірде аз күн қонақ болармыз,
Мүмкін елу, мүмкін жүз жыл салармыз.
Ана тілін ардақ тұтып, қастерлеп,
Құрметтейік келгенінше шамамыз!
Мемлекеттік тіл Тәуелсіз елдің негізгі рәміздерінің бірі. Тіл адамдардың қарым-қатынас құралы болғандықтан, ол сөйлеу әрекетінің арқауы болып табылады. Тіл ұлт пен ұлтты жақындастыратын өзгеше қатынас құралы. Адам тіл арқылы бір-бірімен қатынаса алады. Қазіргі таңда, еліміз өз егемендігін алып, дербес мемлекет ретінде танылуда. Мемлекеттік тіл тәуелсіздігіміздің жырын жырлап, бұғанасын қатайтты. «Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тіл» деген Ахмет Байтұрсыновтың қасиетті қағидасына сүйенсек, Ата заң аясында бақ-берекетіміздің сақталып отырғаны тіл саясатын да дұрыс жүргізудің жемісі екені анық. Тіл – халық қазынасы, ұлттың жаны. Тілдің мәселесі – ұлттың мәселесі. Мерейін асыратын да, құтын қашыратын да өзіміз.“Ана тілін білмеген, анасын да сыйламас” демекші өз ана тілін білмеген жаннан, анасын сыйлайтын жанның шығуы неғайбыл. М.Шахановша айтатын болсам, қазіргі таңда өз тілін өгейсіп, «мәңгүрттеніп» жүргендер көп. Шынында қазақ пен қазақтың, әке мен баланың, әріптестердің жұмыста қазақ тілінде сөйлеспеуі көңілге қонымсыз-ақ жәйт. Бірақ қазақ тілі – тек қазақ халқының тілі емес, мемлекеттік тіл – ортақ тіліміз. Қазақстанда тұратын, оны Отаным деп қабылдайтын, өзін Қазақстанның патриоты деп есептейтін азаматтардың тілі. Елбасымыз айтқандай, «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде». Тіл мәртебесін көтеру мақсатында «Кең ауылының негізгі орта мектебі» КММ-де Ахмет Байтұрсыновтың туған күніне орай, яғни тілдер мерекесінің онкүндігінде құрылған жоспарға сай біршама іс-шаралар өтіп жатыр.
Сөзімнің соңын Елбасының ана тілі туралы айтқан мынадай көрікті ойымен аяқтағым келеді: «Дауға салса алмастай қиған, сезімге салса қырандай қалқыған, ойға салса қорғасындай балқыған, өмірдің кез келген орайында әрі қару, әрі қалқан болған , әрі жас отты да ойнақы Ана тілінен артық қазақ үшін бұл дүниеде қымбат не бар екен ?! Ғасырлар бойы қазақтың ұлт ретіндегі мәдени тұтастығына ең негізгі ұйтқысы болған – оның ғажайып тілі». Ендеше, тілімізді, ұлтымызды отбасымызды қадірлегендей қадірлейік!